Қазақ даласына ислам діні таралуының мәдени және рухани бастаулары
Қазақ даласына ислам діні таралуының мәдени және рухани бастаулары

Еуразия материгінің мыңдаған ғасырлық тарихы, қазақ халқының этногенезі және этнографиясын зерттеу кезінде қазақ мәдениеті мен руханияты Ислам өркениеті мен дүниесінің ажырамас бөлшегі екендігін көруге болады. Себебі, халық санасына ислам діні бейбіт жолмен сіңген. Ислам құндылықтарын, философиясы мен өнерін дамыту мен жаңғыртуда біздің өлкемізді мекен еткен ойшылдар: Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи , Махмұт Қашқари, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн және сол сияқты қазыналарының ислам өркениетінің асыл қазынасына айналуы қазақ халқының дүниетанымында исламның рөлі басымдықты әрі маңызды екендігін дәлелдей түседі. Академик Ғарифолла Есім, «Ұлттық идея – ел санасы» тақырыптағы мақаласында: «Ұлттық идеяның үшінші тұғыры – интеллектуалды жасампаз қоғам туралы сөз қозғай отырып, діннің адамзат тарихында алатын орны ерекше. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Сонымен бірге дінге деген көзқарастар да әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан діннің не екендігін, оның қысқаша тарихын танып, білу – әрбір саналы адамға мәдени қажеттілік», – деп айтқан болатын.

Еуразия аумағы мен Қазақстан Республикасының кең-байтақ территориясын мекендеген түркі ұлыстары ІХ ғасырдың басында Ислам дінін қабылдап, кейін осы территорияға иелік еткен ұлыстардың ұрпақ жалғастырған халықтары өз дүниетанымында ислам құндылықтарын дәстүрлі бағдар етіп қасиетімен біріктірген.

Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі уақыттарда территориямызда түрлі мемлекеттік бірлестіктер тарихында Ислам ұлттық менталитеттің негізгі діңгегі ретінде өміршеңдік танытқандығына тарихи деректер дәлел болмақ. Атеизм жарияланған Кеңестік отаршылдық саясат қазақ дүниетанымдағы исламды жоя алмағандығына тарих куә. Халық санасы бір Құдіретті күштен қорыққандықтан, оған жасырын түрде сиынуды тоқтатпады.

Қазақ мәдениеті ғасырлар бойы Құран мен сүннетке имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы мен имам Матуриди сенім мектебінен нәр алған.

Абай философиясындағы исламдық болмыс қазақ дүниетанымында Әлем мен адам контекстінде сипатталған.

Тоталитарлы - отаршылдық саясаттың күшімен цензураға ұшыраған тарихи жыр мен толғаулардан алынып тасталған ұлтжандылыққа, имандылыққа, ел үшін күреске шақырып, рухты оятып, жігерді жандандыратын өлең жолдарындағы «Алла», «Құдай», «Бисмиллаһир-рахманир-рахим» сөздері көркем мәтіндерінде бұл күнде өз орнына қойылып, тәуелсіздігімізбен бірге дәріптеле бастады.

Қазақ даласындағы ислам ерекшеліктерін талдауда бүгінгі күнге дейін отандық ғалымдар арасында бір тұжырымға шынайы біріккен пікірлер аз. Ислам рухани тазалық пен құндылықтардың өзегі, адам болмысының тұтастығын қамтамасыз ете алатын күш ретінде адамзат санасына ұялай бастағандығы маңызды факторлардың бірі.

Миллиондаған қазақстандық жастардың салауаттылық пен парасаттылықты, өркениеттіліктің болашағын өз бойларында ислам мәдениетімен байланыстыруы исламның қазіргі таңдағы Қазақ даласындағы өміршеңдігін көрсетеді.

Қазақстандағы мемлекет пен діни қатынастарды реттеу басымдығына ие – ислам дінінің еліміздегі орнығу тарихы өзгеше әрі бірегей. Өйткені, әлемнің 1 миллиард 500 миллионнан астам әр түрлі ұлттан тұратын қаншама тілдік, нәсілдік ортасы бар халық ұстанып отырған Ислам дінінің тарих сахнасында болуы он төрт ғасыр уақытты қамтиды. Қазақ өркениетіндегі ислам құндылықтарын зерттеу мәселесінде міндетті түрде Исламның Қазақстан жеріндегі таралу мен қалыптасу ерекшеліктеріне тоқталу қажет. Бүгінгі және болашақтағы исламның Қазақстан Республикасының қоғамдық қатынастар жүйесіндегі позициясын анықтау үшін Исламның таралу мен қалыптасу ерекшеліктерін, яғни өткен тарихын сипаттайтын зерттеулерге ретроспективалық сараптама жасалуы қажет.

Ислам дінінің шығу тарихында ол жазирату-л-араб деп аталатын осы күнгі Араб түбегінде пайда болды. Алла тағала Құран Кәрімді осы елдегі Құрайыш тайпасынан шыққан Абдуллаұлы Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға уахи еткен. Ұлы Жаратуша Алла тағала адам баласын қараңғылық зұлматы мен адасушылықтан – қайырым, шапағат, рақым мен мейірімге толы тура жолға салу үшін әр кездері пайғамбарларын жіберіп отырған. Оларды белгілі бір қауымдардан шығарып, Пайғамбарларға Алла тағала қасиетті кітаптарды, өмір сүру заңын да қоса жіберіп тұрған. Адам баласы оны орындамағандықтан, Жаратушы иеміз қиянатшыл қоғамдарды жойып жібергендігіне бірнеше дәлелдер келтірілген. Соңында Алла тағала адамдарға «Алланың діннен бекем ұстап, айырылмаңдар» [1], «Ақиқатында, Аллаға қабыл дін – Ислам діні » [1] деп таза да ақиқат әрі соңғы дін – ислам дінін жіберді. Адам баласы Құранды басшылыққа алып, ешкімге де, ешнәрсеге қиянат қылмай өмір сүрсін, қоғамы әділ де иманды болсын деп дұрыс жолды көрсету үшін Құран Кәрімді Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымызға уахи етті. Бірлік пен ынтымақты дәріптейтін, өз ізбасарларын имандылыққа, ибалылыққа ұйытатын, рух тазалығын насихаттайтын асыл дін идеясын ту еткен мұсылмандар аз жылдардан соң Араб түбегінен шағындап шығып, осы күнгі Сирия, Палестина, Ирак жеріне жеткен. Ислам дінін негізгі дін деп таныған араб қосындарының бір бөлігі Қызыл теңізден өтіп Мысырға табан тіреді, соңыра әрі қарай қазіргі Мағриб араб елдеріне де байрағын желбіретті. Ливия, Тунис, Алжир, Марокко исламға мойынсұнды. 711 жылы мағрибтық мұсылмандар жаңа дінді жалау етіп Атлант мұхиты мен Жерорта теңізін бөліп жатқан Гибралтар бұғазынан өтіп, Андалусияға қазіргі атауы Испанияға аяқ тіреді. Олар сонымен қатар, Испания мен Франция арасындағы Пиреней тауларына да жетті. Ислам діні солтүстік Африка ғана емес, Орталық Африканың да біраз елдері мен жерлеріне тарады. Араб жасақтары тек Батысқа ғана емес, сондай-ақ осы күнгі Кіші Азия мен Кавказ тауларына да Ислам дінін таратуды мақсат тұтты. Кейіннен жаңа дін Мауренахр деп аталған Орта Азиядағы түркілер аймағына да жетті. Бұқара мен Самарқанд, Шаш (Ташкент) пен Отырар, Хорезм өлкесі де ислам дінін қабыл етті. Ислам діні ІХ- Х ғасырларда суниттік бағытта бірте-бірте түркілер әлемінде де тарай бастады. [2].

Түркі халқы ислам дінінің пайда болуынан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын әлемдік тарихи процестің белсенді субъектісіне айналған еді. Ашина державасы көршілес жатқан мемлекеттерді өзімен қуатты мемлекет ретінде санасуға мәжбүрлеген. Осы уақыттардан бастап түркі халқы Еуразия даласындағы барлық тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, өркениеттік дамудың бағыт-бағдарын айқындауға біраз ықпал етті [3]. Түркі тайпаларын исламдандыру бірнеше уақытқа созылған еді. Таластың жанында арабтардың    751 жылы қарақытайлармен болған шешуші шайқасы елеулі рөл атқарды. Талас шайқасы жайлы атақты француз тарихшысы, шығыстанушы Рене Грэссэ: «Қытайша Кьюпише аталған Ташкенттің түркі билеушісі немесе түдүні қытайларға талай рет бас иді (743, 747, 749 жылдары аралығында). Бірақ сол кездегі Кучидің губернаторы немесе империялық комиссары Као Сьенчэ оны Қытайға барар жолдарды қорғаудағы өз миссияңды дұрыс орындамадың деп жазғырған еді. Као Сьенчэ Ташкентке жол тартып, түдүннің басын алып, байлығын иемденді. Бұл батыс бөлігіндегі көтерілістер мен дүпулерге түрткі болады. Жеңіліс тауып, басы алынған түдүннің ұлы Тарбағатайды және Балқаш көлінің шығыс жағалауынан Ертіске дейінгі Ұрынғыны мекендейтін түркі-қарлұқтардан, сондай-ақ Соғдыдағы араб гарнизонынан көмек сұрайды. Араб генералы Зиад ибн Салих оңтүстіктен, қарлұқтар солтүстіктен келген еді. 751 жылдың шілде айында Као Сьенчэ Талас бойында жеңіліс тапты. Бартольдтың айтуы бойынша, бұл тарихи жеңіс Орталық Азияның тағдырын шешіп, Қытай елінің қармауында  қалудың орнына Орталық Азия мұсылмандыққа бет бұрды» [4].

909 жылы Еділ өзенінің жағасы Бұлғарларына да ислам діні тарала бастады. Осы елдің ханы Ильтебер Алмыш ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялап, 920 жылы аббасид халифіне діндар адамдар мен сәулетшілерді жіберу туралы өтініш білдірді. Муктадир Халифі өтінішті қанағаттандырып, 920-922 жылдары аралығында керуен жіберген еді. Бұл керуен 922 жылы мамыр айында Еділ өзенінің жағасы Бұлғарларына келіп жетті. Аталмыш оқиғалардан кейін, Еділ бойы Бұлғарлары Шығыс Европадағы түркі-ислам мәдениетінің өзінше бекітілген пункті, апорпосты қызметін атқарды [5]. Осы турасында Шығыс елдеріне саяхат жасаған Гильом де Рубрук ХІІ ғасырдың ортасында Еділ өзенінің бойынан өтіп бара жатып, бұлғарлар туралы: «Бұл жерлерге Мұхаммедтің заңдарын қай хайуан жеткізгендігіне таң қалдым?» – деген [6].

1043 жылдың күзінде Түркілердің исламды қабылдауы бұқаралық сипат алып, 10 000 шатыр иелері 20000 малды құрбан айт мерекесіне орай құрбандыққа шалып, ислам дінін қабылдайды. Түркі елінің жазғы жайлаулары Еділ өзенінің бойында жайылса, қыстаулары Баласағұнда болған еді. Осылайша Каспий маңы жерлері мен Еділ бойын мекен еткен, қыпшақ және тағы да басқа тайпалардан тұратын түркі тайпалары, өзіндік мұсылмандық түркі мәдениетінің орталықтарына айналған [5].

Исламдандырудың басты кезеңі ретінде елімізді Қарахан мемлекеті            (Х-ХІ ғасырлар) мен моғолдар (ХІV-ХV ғасырлар) кезеңі аталады. Өйткені, Ислам діні осы ғасырлар аралығында мемлекеттік дін болып жарияланған еді.

Сатук-Богра хан Караханидтік билеушілерінен бірінші болып мұсылмандықты қабылдаған. Ол өзін 955- 956 жылдары мұсылмандық есім Абу ал-Керімд деп атады. Оның ұлы Мұса 960 жылы ислам дінін мемлекеттік дін ретінде жариялады. Назкен Бакина зерттеуінде: «Қараханид түркілерінің исламдануы миссионерлердің белгілі бір күштеуімен емес, бірыңғай мемлекеттік діннің ықпалы негізіндегі экономикалық және саяси пайда күшімен ағымдалды» [5], – деген. Қараханидтер өздерінің көршілес тайпаларына жерді қолдануға берген кезде бір талап қойып, исламды қабылдаған кезде ғана көршілер жерге уақытша иелік еткен. Қараханидтердің саяси және әскери жеңістері Орталық Азия территориясына исламның таралып қана қоймай, оның осы жердегі халықтың бұқаралық идеологиясы ретінде ресми статусқа ие болуына көптеген жағдайлар жасаған.

Ислам дінінің таралуы Алтын Орданың тәуелсіз мемлекет ретінде нығаюына және жаңа қалалардың дамуына зор ықпалын тигізді. Оның өзіндік ерекшеліктері бірнещеу, мысалы: Жошы ұлысына ислам мәдениетінің таралуына әсер еткен негізгі бес факторды атап өтсек болады.

Алғашқы атап өтер жайт: мұсылмандық қауымдастыққа кіруді хандардың субъективті шешімі болғанымен, араб саяхатшысы Ибн Баттута еңбектері бойынша исламның таралуына саудагерлердің рөлі мол болған. Ибн Баттута (1304-1377), 1342 жылы Қытайға делилік сұлтан Мұхаммед тапсырмасымен келген уақытында Цю-Тун (Цюаньчжоу) портында, Гуанчжоу, Ханчжоу және Ханбалық (Пекин) қалаларында ислам қауымы бар екендігін келесідегідей жазады: «Қытайдың әр қаласында мұсылмандардың жеке тұратын қалашығы бар. Онда жамағатпен намаз оқитын, басқа да жоралғыларын жасайтын мешіттері бар. Олар үлкен құрметке, абыройға ие екен» [7]. Ал оның жасы үлкен замандасы францискандық монах Парденоннан шыққан Одорико Ибн Баттутаға дейін екі онжылдық бұрын Ханчжоу қаласында 40 000 ислам саудагері тұрақты түрде болғандығын атап өткен [8].

Екінші анықталған мәселе: Таяу Шығыс маңына ХІ ғасырда түркілердің келуі «мұсылмандық өркениетті трансформацияға ұшыратты» [9]               Трансформацияға ұшыраған елді қыпшақ даласы ешбір қарсылықсыз қабылдайды. К.Э. Босворт түрік-селжүктардың ислам әлеміндегі рөлін «шамандық тарихы бар түркі мұрасы сопылық ордендеріне жол тапты. Бұлар өз кезегінде ханафиттік мазхабтың суниттік бағытын қуатты түрде ұстанады» деп бейнелеген [9].

Үшінші тұжырым, Дешті Қыпшақ жеріне ислам өркениетінің таралуына Қожа Ахмет Яссауидің рөлі мол болды. Ислам дінінің түркі халықтары арасында таралуына ықпал еткен тағы бір жайт сұлтан Бейбарыс билік құрған Мысыр елімен жан-жақты байланыс орнату болған. 1261 жылдан бастап екі жақ елшілік делегацияларымен тығыз жұмыс жасасты. Бейбарыс елшілері Қырымдағы Солодажуге, ал Берке өкілдері Александрия қаласына келді. 1263 жылы Берке мен Бейбарыс арасында парсы хандығына қарсы келісім жасалды. Ислам мәдениеті үшін бұл маңызы оқиға болды. Берке мұсылман әлемін қан қақсатқан Хулагуды жеңіп, ислам елдерін шапқыншылықтан аман алып қалды. Ал қыпшақ даласынан сенімді одақтас тапқан Бейбарыс крест жорығын тоқтатп, осы жерде саяси ұстанымдармен қатар екі ел билеушілерінің арасындағы жеке тұлғалық қарым - қатынас Жошы ұлысына да Ислам дінінің таралуына өзіндік үлесін қосты. Бартольдтың айтуынша: «Сұлтан Бейбарыс (1260-1277 жылдары) Берке ханның күйеу баласы болады, Беркенің мысырлық немересі сұлтан Бейбарыстың мұрагері Са‘ид-хан Мұхаммед өзінің атасының құрметіне моңғолдық Берке ханның Насир ад-Дині деген атпен танылады. Сондай-ақ 1280 жылы Каирде қайтыс болған Беркенің ұлы Бедр ад-Дин Мұхаммед, Құран аяттарын түсіндіріп, араб тілінде өлеңдер мен діни шығармалар жазған» [10].

Төртінші мәселе, Дешті Қыпшақ даласындағы өзгеріске түскен ислам дінінің мәдени дәстүрі Алтын Орданың мемлекеттік әріптестері арасында мұсылмандық өркениетті бір деңгейде эволюцияландырады.

Бесінші тұжырым, Дешті Қыпшақ даласында ислам дінінің таралуында басқарушы династияның рөлі үлкен болса, исламдық мәдениет нормаларының сіңісуіне қалалардың рөлі маңызды еді [8].

Осы жайында Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Ислам діні ортағасырларда қазақ даласында бұрын болған қалалар мен қорғандар, камалдар мен кенттердің ірге тасын нығайтып қана қоймай, өзге де шаһарлардың ірге тебуіне ықпал етті. Ислам дінін уағыздайтын мешіттер мен медреселер, ғылым-білім ошақтары бой көтере бастады» [2], – деп, Отырардың шығысындағы Сайрам, Манкент, Тараз, Түймекент, Құлан, Меркі, Баласағұн, Шу қалалары ғана емес, Сыр бойындағы Сүткент, Ясы (Түркістан), Қарнақ, Сауран, Иқан, Қауған, Өзкент тағы да басқа қалалардың жанданғандығын атап айтқан.

Келесі бір қаперде ұстанатын жайт, араб тілі бірнеше ғасырлар бойы Орта Азияда ғылым мен білімнің тілі болды. Отырарлық Әбу Нәсыр                  әл-Фараби, Ысқақ әл-Фараби, Исмаил әл-Жауһарилер Таяу және Орта Шығыс елдерінде білім молықтырып, әлем мәдениетінің алтын қорынан орын алатын классикалық шығармалар қалдырған. Х-ХІІ ғасырларда тек араб тілі ғана емес, сондай-ақ бірте-бірте жергілікті халықтың түркі тілінде де шығармалар дүниеге келген. Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Яссауи салған дәстүрді ХV – ХVІІ ғасырларда Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали би Қасымұлы Жалайырилер жалғастырған. Осылайша, Ислам мәдениеті орта ғасырлардан күні кешеге дейін Орта Азия халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне, рухани өміріне үлкен әсер қалдырған. Елімізден шыққан араб, парсы, түркі тілді ғалымдардың бір тобы философия, тарих, мәдениет, астрономия, логика, музыка, әдебиет пен тіл, медицина саласындағы еңбектерімен аты шығып, келесі бірі қасиетті Құран мен тафсир, шариғат, мазһабтар, фиқһке арналған шығармаларымен де ел құрметіне бөленді. Осы тұста Бұрһан ад-Дин Ахмад әл-Фараби, Имад ад-Дин Әбу-л Қасым әл-Фараби, Қауам ад-Дин әл-Фараби, Молла Ахмет әл-Женди, Хусам ад-Дин әл-Хусейн ас-Сығнақи, Әбу Абд Алла әл-Баласағұни, Әбд           әл-Ғафур әл-Кердери, Мұхаммед әл-Кердери, Хафиз ад-Дин әл-Кердерилерді айтуға болады. Ислам ғылымына Сайрамдық Ахмад әл-Исфиджаби де өзінің терең ойлы туындыларын арнаған. Сонымен қатар, Сайрамнан әл-Қади              әл-Байдауи, Әбу-л Хасан Әли әл-Байдауи сияқты қазылар шыққан. Соңғы екеуі – туған жері Сайрамда қайтыс болған. Орта ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанға сопылық ілім де тағады. Бұл көбіне көшпелі тірлік кешкен жұртта Исламның мықтап орнығуына, халықтың тұрмыс-тіршілігіне, әдебиеті мен мәдениетіне мол әсер қалдырған [12].

Қазақстандағы діни жағдайды зерттеу динамикасы ежелгі кезеңнен бастап кеңестік кезеңдегі уақытта қарама қайшылықты тенденциялар бар екендігін анықтайды. Ежелгі Түркі даласына дін ретінде енген ислам, кейін қазақ дүниетанымына мәдени негізде толыққанды енген. Халқымыздың барлық салт-дәстүрлерінің Исламнан бастау алатындығы ислам құндылықтарының халықтық санада берік бекігендегінен көруімізге болады. Сондай-ақ, Ислам Қазақ жерінде әртүрлі уақыттарда территориялық аймақтағы мемлекеттік бірлестіктерде түрлі маңызға ие саяси рөл атқарғандығы туралы тұжырымды дәлелдер келтірілген. Әмір Темірдің (1370-1405) заңдар жинағында: «Мен өз қамқорлығыма Құдайдың діні мен Мұхаммед (с.а.у.) заңдарын дәріптелуін алдым. Мен Исламды бүкіл жерде және барлық уақыттар бірлігінде қолдадым. Дін мен заңдарға негізделмеген үкімет пен биліктің өміршең болмайтындығын тәжірибем көрсетті. Сол сабапті, әр аймаққа ислам дінінің білгірін жібердім, олар өз кезегінде исламда көрсетілген сенім бойынша бұқара халықты ұятты нәрселерден тиятын болады. Адамдардың білімін көтеру үшін медресе мен мешіттер салдырдым. Мен әр қалада Қасиетті Құранды, Ислам дінінің негізіне атақты ғалымдардың зерттеулері арқылы үйрететін иманды діни өкілдер тұруына жағдай жасаған едім» [13], – деп атап өткен.

Ислам дінінің қазақ халқына енген алғашқы, әрі одан кейінгі кезеңдерінде дүниетанымдық көпқырлылығы, әсіресе, адамгершілік мәселелері адамның күнделікті тіршілігінде ғана емес, Даланың ұлы дана ойшыл-дарының философиялық тұжырымдарында да көрініс тапты. Біздің пайымдауымызша, исламның ерекше мәдени жетістігін және оның диалог пен түсіністікке негіз-делген әлем мәдениетінің айнасы екендігін атақты жерлес бабамыз, өз заманында ғылымға жан-жақты ойшылдығымен танылған Әбу Насыр әл-Фараби, одан кейін оның ізбасары, энциклопедиялық білімдар және де ғылым қақпасын ашқан Ибн Сина, өзінің «тауил» теориясы арқылы Қазақстанға суфизмнің кең таралуына жол ашқан Матуруди, бүкіл түркілердің осы таным арқылы ислам дінін қабылдауына әсер еткен Халлаж Мансұр. Қазақ елінің пірі, данагөйі, барша түркі елінің тәлімгері, әрі ұстазы Қожа Ахмет Яссауи, ұлы ойшыл және әлем мәдениетінің данышпаны Абай мен оның ізбасары, ойшыл Шәкәрім шығармаларына жүгіну арқылы ашуға болады. Абай Құнанбаевтың қара сөздерінің түпкі желісінде Яссауи мен ғұлама Диуанидің шығармалары жатыр. Қазақстанда Ислам діні философиясының қалыптасуы мен дамуына түркі сопылығының ұлы өкілі Қожа Ахмет Яссауидің рухани қызметі үлкен әсер еткен. Бұған дейін түркі тілінде нақылдық, дидактикалық және этикалық жүйелердің арнасын салған Баласағұн мен Иүгнеки бар. Яссауидің философиялық және әлеуметтік ойды дамытудағы Яссауидің айрықша «дәрежесі» мен дүниетанымының ерекшелігі, біздіңше, қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымының топырағына құдайлық таным мен сопылық-исламдық тұжырымдамасын әкелуі дер едік.

Біз өмір сүріп жатқан күрделі әрі қарама-қай-шылықтарға толы бұл ғасыр өткен ғасырлардан мүлде өзгеше. Өйткені, ол технологиялық,                ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс, спутниктер, бағдарламалар және клондау, жаһандану әрі интернет дәуірі болып есептеледі. Осы замана жетістіктері жер шарындағы барлық адам баласына ортақ. Күн сайын жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтар мен жетістіктерді игеруге жеке адамның күш-қуаты жетер емес. Кейбірі мұндай қарқынды құбылыстың жалпы дін атаулының бәріне, әсіресе Ислам дініне келіп-кетер қаншалықты кері әсерінің барын білгісі келсе, ал басқа бір адамдардың көкейінде «Осы қыруар жетістіктер иіріміне түскен қазіргі адамзаттың өмірінде діннің орны қандай, оның елеулі ықпалы бар ма, әлде екінші кезектегі мәселе болып қалды ма?» – деген сұрақтар туындауда.

Асылында Ислам дінін бүгінгі таңда, келер ғасырларда да қоғам тынысынан оқшау қалдыруға болмайды. Себебі, оның негізі адамзат өмірінің материялдық және рухани қырын жан-жақты әрі кеңінен қамтиды. Ол қоғамдық өмірдің барлық саласына бағытталған.

Жаһандану заманындағы адам болмысының негізді масштабтық трансформациясы, құндылықты-идентификациялық дағдарыс және тиімді әлеуметтік дүниетанымдық бағдардың жоғалуы бүгінгі таңда мәдени және этникалық идентификация, өзіндік идентификация мәселелерінің өзектілігін анықтап отыр. Заманауи кезеңде жеке тұлға көз алдында өтіп жатқан әлеуметтік өзгерістерге бейімделуге дайын. Дүниетанымдық аспектіде рухани адамгершілік құндылықтарын материалдық прагматикалық құндылықтар көп жылдамдықпен ығыстырылуда. Қортындысында пайда мен рационалдық критерийлеріне негізделген руханилық талаптардың атрофиясы жасақталуда. Әлемге деген адамның құндылықтық қарым-қатынасы бүгінгі таңда адамның жеке өзін қорғау контекстінде өте өзекті, өйткені адамның жеке тұлғалық қасиеттерін сақтау арқылы сол адамның өмір сүріп отырған ортасындағы мәдениет сақталады. Бұл тұрғыдан рухани және адамгершілік құндылықтарының қайнар қөздерін зерттеу олардың ислам құндылықтарымен байланысын анықтау, сонымен қатар ислам құндылықтарының антологиялық мәртебесіне сипаттама жасау бүгінгі күннің басты мәселесі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің ата-бабаларымыз қазіргі Қазақстанның дархан даласын, өмірді тану мен сезінудің ерекше рухын қорғап бізге мұрагерлікке табыс етті. Ол рух еркін сүйгіштік рухы, тарихтың дүрбелең кезеңінде де өз күшін жоймады, себебі аға буын өкілдері өз баста-рына қиын күн туған сәттерінде де бұл рухты сақтай білді» деген дана сөздері болашаққа үлкен міндеттер жүктейді.

Дін дегеніміз бірігудің пәрменді факторы, яғни интеграцияны жүзеге асырудың оңтайлы жолы болып табылады. Қазақ халқының діннен алатын ортақ негізі мен ортақ құндылығы біріктіруші бастау болғанда интергациялық үрдістер іске асатындығы исламның қазақ даласындағы таралуы мен қалыптасуының мәдени, рухани және тарихи ерекшелігімен қорытыланды.

Тәуелсіздік  алғаннан бері қазақ халқының сана-сезімі, ұлттың намысы мен ұлт ететін ділі мен діні туралы зерттеулер қайта жаңғыртылуда. Тәуелсіздікпен қоса тұрмыс-салтымыз, имандылығымыз, мәдениетіміз, Кеңес кезінде репрессияға ұшыраған әдебиетіміз қайта оралып, жан-жақты жаңаша зерттеулерді талап етуде. Х ғасырлардан бастау алатын ойшылдардың қазақ әдебиетіне қосқан көркем және асыл сөздеріндегі Ислам құндылықтарының шынайы мағынасының кең арнада тұжырымдалуы қазақ халқының сан ғасырларын қамтыған ел намысын, мұратын, ерлігін, тіршілігін, парызын, «Отанды сүю – Иманнан» деген басты құндылығын жырлаған ұлттың дана сөздерінің асыл-маржандарының көркем сипаты ұлттық идеологиямыздың кәусар бұлағы сияқты.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. – Мәдина. – 1991. – 604 б.
  2. Дербісәлі Әбсаттар қажы. Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы. – Алматы: 2003. – 7 б.
  3. Затов Қ.А., Нұрғалиев Қ.Т. Ислам өркениетінің Орталық Азия мен Қазақстан аймағында таралуы // халықаралық конференция материалдары. – Алматы: Атамұра. – 2009. – 223 б.
  4.  Грэссе Р. Империя степей. – Алматы, 2006. – 304 б.
  5. Бакина Н.С. История культуры тюрков. – Алматы: Үш қиян, 2006. – с. 180
  6. Путешествие в восточные страны Плано Карпини и Гильом де Рубрука. – Алматы, 1993. – с. 245
  7. Ибн Баттута саяхаттары. فورعملا يجنطلا يتاوللا للها دبع نب دمحم ،)رافسلأا بئاجع و راصملأا بئارغ يف راظنلا ةفحت( ةطوطب نبا ةلحر ،ةطوطب نباب 2005 ،توريب ،ةيرصعلا ةعبطم ،نادلجم
  8. Религия и верования Дешт-и-Кыпчака в ХІІІ-ХІҮ веках // История и культура Золотой Орды.- Санкт-Петербург: Славия. 2005. - с.264
  9. Сборник материалов по мусульманству. Том 2. // Под ред. Наливкина, В.П. - Ташкент: Типо-Литография бр. Порцевых, 1990. – с. 32
  10. Бартольд, В.В. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы: Жалын, 1998. – с.392
  11. Құран Кәрім қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай. – Мәдина. – 1991. – 604 б.
  12. Дербісәлі Шейх Әбсаттар қажы. Исламның жауһарлары мен жәдігерлері. Тарихи-филологиялық және теологиялық зерттеулер, эссе-очерктер, жолжазбалар, сұхбаттар. – Алматы : Атамұра, 2008. – 487 б.
  13. Уложения Тимура. – Ташкент, 1992 . – с.211

 

 

Әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті
Ғылыми жетекші: Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы философия ғылымдарының докторы, профессор.

«Философия және саясаттану» факультеті,

«Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы;

Дінтану мамандығының 1-курс магистранты: Баттал Г.О.

Казахский национальный университет им. Аль-Фараби. www.kaznu.kz

 

 

 

 

Гулдана Гулдана
4 жыл бұрын 4669
0 пікір
Блог туралы